Батырхан Совет
Батырхан Совет
АО НАК
ЖШС СП
ЖШС
Батырхан Қуатұлы, 1994 жылдың 26 желтоқсанында Көкшетауда дүниеге келген. Мектеп жасында физика және математика пәндері бойынша олимпиадаларға қатысқан. 7 сыныпта «Абай оқулары» атты облыстық байқауда 2 және 3 орынды жеңіп алады.

Біздің кейіпкердің айтуынша, оған өмір бала күнінде-ақ сабақ беріпті. Сондай сабақтың бірін Батырхан бастауыш мектепте алған. Ол «Sega» ойын приставкасын алуды армандапты. Ата-анасы оған тоқсанды «өтежақсыға» аяқтауды тапсырады. Бала күні-түні дамылсыз дайындалумен болған. Алайда, тоқсан соңында сурет сабағынан бір «төрттік» алып қалса керек. Дегенмен, ата-анасы оған өтежақсы оқуға тырысқаны үшін приставка алып беріпті. «Дәл сол сәтте мен тырыссаң қалағаныңа қол жеткізуге болатынын түсіндім», - дейді Батырхан.

Батырхан өзінің әр нәрсеге өте мұқият әрі сақ екенін айтады. Бұл да өмірден алған сабағы болса керек. Ол 3 жасында әжесінің қан қысымына арналған дәрісінің бір қапшығын түгел ішіп қойыпты. Баланың жүрегі тоқтап – өліп қала жаздапты. Электрлі импульстік терапия өміріне араша түскен екен.

2012 жылдың маусымында Батырхан Совет ҰБТ-ны сәтті тапсырып, «Үздік аттестат» белгісін дәлелдейді. Сол жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде «Машина жасау» мамандығы бойынша, байқау негізінде грант ұтып алады. 2016 жылы үздік дипломға қол жеткізеді. Қыркүйекте екі бердей университеттің (Ege University, Измир қ. және Қарағанды мемлекеттік Техникалық Университеті) магистратурасына толыққанды грант ұтып алады.

2016 жылдың жазында Түркияда толқулар болады. Содан секем алған біздің кейіпкерімізді әкесі бозбаланы ол жаққа жібермепті. Батырхан қашан да шетелде оқуды армандаған. Сондықтан жаңа мүмкіндіктерді іздей бастайды. Ол үшін 9 айда ағылшын тілін оқып, IELTS-ты 6-ға тапсырады. Интернетті ақтарып жүріп, болашақ жасөркендік студенттерге арналған Эрасмус бағдарламасын тауып алады. Құжат тапсырып, сол мүмкіндікке қол жеткізеді. Сөйтіп, Вильнюс Техникалық университетіне 5 айға оқуға кетеді.

Бүгінгі таңда Батырхан қытайша үйреніп жүр. Оның пайымынша, әлемдік нарықта ол ағылшын тілінен кейін екінші орында және қызметтік мансапта міндетті түрде қажеті болады.
Байланыс