Салтанат Қызырқанова
Салтанат Қызырқанова
АҚ
АҚ
«Қазпочта» АҚ
Салтанат Қызырқанова 1993 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Үш жасында ата-анасымен бірге Алматыға қоныс аударыпты. Бастауыш сыныпты орыс мектебінде тәмамдаған. Бірінші сыныпқа дейін салтанат орысша мүлдем білмесе керек. Бірақ, үлкен ағасымен бірге қазақша әріп пен санды үйреніпті. Хат танитын. Біздің кейіпкеріміздің айтуынша, анасы қазақ тілінің мұғалімі болғандықтан, ана тілін былай да үйреніп алатынын ескеріп, ата-анасы қыздарын орыс мектебіне беріпті. Дегенмен, бесінші сыныпта қазақ мектебіне ауыстырған. Қызырқановтар әулетінің үлкендері баланың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре өсуі тиіс деген шешімге келіпті.

Салтанаттың айтуынша, оның өмірде таңдау жасауына үлкен ағасы ықпал еткен. Ол республикалық Астана физика-математика мектебін тәмамдаған. Қарындасы ағасының жолын қууға талпынған. Сөйтіп, 8 сыныпта 173 физика-математикалық лицейге ауысады. Сол кездері халықаралық олимпиадаларға қатысады. «Жібек жолы» олимпиадасында алтын медальға ие болып, ҚазҰТУ-дың ректорлық шәкіртақысын алады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ механика-математикалық факультетінің бакалавриаты мен магистратурасын «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бірінші курстың көктемгі семестрін тәжірибе алмасу бойынша, Анкарадағы Гази Университетінде оқиды. Екінші курста «Азия-Тынықмұхиты олимпиадасы» мен «Жібек жолы» халықаралық математикалық олимпиадаларда қазылар алқасының мүшесі болады. Үшінші курстан бастап, қосымша білім беру мектебінде олимпиадалық математикадан бапкер болып жұмыс істейді. Үшінші курстан кейін «Work and travel» студенттік бағдарламасына қатысады. Төртінші курста Механика және Математика ҒЗИ атынан стипендия алады. Өткен жылы математикалық олимпиадада Қазақстан құрамасының жетекшісі ретінде еңбек етті. Салтанаттың айтуынша, университеттегі оқу барысында жасалған бұл белсенділіктің барлығы уақытты үнемді өткізуге үлкен септігін тигізген. Ол жоғары оқу орнының барлық бағдарламасын мектеп жасында жүргенде еңсеріп тастаған.

Ол өзін бақытты адамдар қатарынан көреді. Өйткені оның екі арманы бірден орындалған. Дарынды баланы жастайынан ешкім баулымаған. Мамандандырылған ақылы лагерлер, тренингтер мен математика бойынша репетиторлар ол үшін қолжетімсіз болыпты. Ата-анасы егер бойында дарыны болса, түптің-түбінде бір жерден тесіп шығады деген пікірде болған. Сол кезде Салтанат, «есейгенде дарынды балаларға көмектесемін», деп іштей серт берген екен. Бүгінгі таңда біздің кейіпкеріміз еңбек ететін орталықта гранттар мен жеңілдіктер бар. Оның сыртында, мектепте жүргенде ол форма киіп, математикаға қажеті жоқ пәндерді оқуды жақсы көрмепті. Енді ол өзінің әр оқушысының жеке тұлға болып қалыптасуына барын салып жүр.
Байланыс