Камила Мейрам
Камила Мейрам
АҚ
АҚ
«Самұрық-Қазына» АҚ
1994 жылдың 21 қыркүйегінде Алматыда дүниеге келген. Бойжеткен жастайынан шешімді өзі қабылдауға машықтаныпты. Тіпті, мектепті де өзі таңдаған. Білім ошағын таңдамас бұрын, маңайдағы барлық мектепті зерттеп шыққан. Көбіне көңілі толмапты. Сөйтіп, өз үйінен қашықта орналасса да, оның таңдауы 173-физика-математикалық лицейге түсіпті. Оқу ордасына жету үшін екі бірдей автобуспен жалғасуға тура келген. Нәтижесінде, Камила оны алтын медальмен бітіреді. Кейін ҰБТ-дан 116 балл алып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Жоғарғы экономика және бизнес мектебінің грантына «Қаржы» мамандығы бойынша оқуға түседі.

Жоғары оқу орнында жүргенде халықаралық ғылыми жиындарға қатысып, ғылыми мақалалар жариялайды. Өндірістік тәжірибені Мемлекеттік кірістер басқармасында өтеді. Университетті GPA 3,87 дәрежесі бойынша қызыл дипломға тәмамдайды. Дәл сол 2016 жылы өз мамандығы бойынша емтиханды сәтті тапсырып, магистратураның грантына түседі.

Бұл ретте Камиланың мектепті де, университетті де қазақша оқығанын айта кету керек. Ал, магистратураға түскеннен кейін ол, мемлекеттік тілде оқитын жалғыз студент болып шығады. Сондықтан ол үшін жеке бір топ ашу мүмкін болмай, ол табан астында оқуын орыс тілінде жалғастыру жайлы шешім қабылдайды. Айтпақшы, біздің кейіпкеріміз магистратураны да үздік тәмамдаған.

Камила Мейрам ағылшын тілін жеткілікті деңгейде меңгерген. Әрине, бүгінгі таңда мұнымен елді таңқалдыру қиын. Бірақ, Камила шет тілін өз бетімен үйренген. Күн сайын үш сағатын осы тілді меңгеруге сарпыпты.

Магистратурада оқып жүрген шағында бірнеше ғылыми мақаласы жарыққа шыққан. 2018 жылы «Салықтық әкімшілендіруді салық саясатын жетілдіру механизмі ретінде оңтайландыру» тақырыбында диссертацияны 97 (А) балға қорап шығады.

Қаржы бағыты бойынша түрлі курстардан өтіп, жазғы мектептерде оқыған. Айталық, Certificate of Attendance in the Seminar «Global Aspects of Monetary Policies», Алматы (2016); Certificate of Attendance«Sustainable Development Models in Globalised Economies: International Finance, Banking and Competing Currencies» – Падуя Университеті, Италия (2017);«Халықаралық қаржы нарықтарындағы инвестициялар» бойынша оқу курсының сертификаты, Алматы (2017); Certificate of completion of the Basic Concept and Practical Training program on FOREX Market Margin Trading in «Wall Street Invest Partners», Алматы (2018).

Камила 11 жасына дейін өз еркімен болыпты. Ата-анасы оны бетінен қақпай, қатты еркелеткен. Әр тілегін бұлжытпай орындап отырған. Мысалы, жан-жануардың неше түрін асыраған. Атап айтар болсақ, оның иелігінде бірнеше тотықұс, сан түрлі балық, шымшық пен алақоржын да болған. Тіпті, арнайы мектепке барып, музыкамен де әуестенген кездері болыпты. Бойжеткеннің айтуынша, осының барлығы сайып келгенде, оның мінез-құлқының қалыптасуына негіз болса керек. Өйткені қабылдаған шешім үшін жауапкершілік қашан да өз мойнында болған. Ата-анасы алып берген үй жануарларын өзі күтіп-баптаған. Мектепте болған емтихандар мен музыка мектебіндегі сынақтарға да өз күшімен дайындалған.
Байланыс